Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  86


Автор: Ғали Орманов

ДАЛА БАТЫРЫ

Адасып түзде көп жүрдік
Түтеген қатты боранда.
Амалсыз кейде көмілдік
Кездесіп кесе сол маңда.
Түнерген түнге кейиміз,
Түрткілеп сызат жол таппай,
Білмесең, дала мейрімсіз,
Қоймайды сені тоқтатпай.
Машина суын ағытып,
Түнедік түзге, қарын аш,
Отырдың ұзақ таң күтіп,
Төңірек тұйық жым-жылас...
Көгілдір тартып қар өңі,
Ақыры берді таң қылаң.
Белгісіз ой мен белеңі,
Ашылмай жатыр əлі маң.
Сөйлейміз ширақ, мұқамай:
«Жігіттер, жолды қараңдар!..»
Қырқаға біткен бұтадай
Көрінді қараң-құраңдар.
Естілді даусы шофердің:
– Алақай, мынау жылқы екен!..
Аңғарып жайын мен тұрдым
Қырқада түнде қар тепкен...
Ертеңгі даң-дұң дабырға
Құлағын тіккен адамдай,
Көрінді біреу адырда
Сопайып биік обадай.
Тұмақты, тонды жылқышы,
Шалқая мінген жалдасқа,
Жан екен жылы өң-түсі,
Мейірлі шығар жолдасқа.
Жуықтап келіп тоқтады,
Тұтқиыл бізден аты үркіп,
Танытар мінез деп тағы,
Атының басын тартты іркіп.
Қалжыңдап бізге қарайды ол:
– Қалжырап, тоңып қапсыңдар,
Аягөз қайда, талай жер,
Қарын да сірə аш шығар!..
Қайрылып барып əкелді
Құрықтап күрең айғырын.
Жанасып жалын көтерді:
– Қымызды мынау ал бірің!
Сыйлады түзде ол бізді
Түгесе құйып торсықты,
Жұтқан соң жылы қымызды,
Маңдайдан тіпті тер шықты.
Суықта қатып қалар деп
Қымызын жалға байлапты.
Жылытар, қатса шараң жоқ,
Солары бізді ойлантты.
Қалжырап қарда бораған,
Түнесек түзде жол таппай,
Даланың сырын сол адам
Алыпты жаттап кітаптай.
Тұлғасын шолып тұрдым мен
Қаусырма тонға оранған.
Осынау кесек түрімен
Қаймықсын неге бораннан!
Алшая келіп қонды атқа,
Ақыры бізбен қоштасып,
Жылқысын түгел шолмаққа
Қырқадан қайта кетті асып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу