Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  153


Автор: Ғали Орманов

ҰШҚАН ҰЯ

– Ешкіөлмес тауы əсем бе?
Қараңдар Ізтай, Тұманбай.
Қанықпын қанша десем де
Қараған емен бұған жай.
Тұғырым болса алғашқы,
Тартпасын неге ол мені?
Жөргегім болса жылғасы,
Бесігім шығар белдері.
Қойнауы жылы қырқалар
Құшағы тектес кең жайған.
Көзімді тартып тұр солар
Кезімде тағы ұлғайған.
Ажымына ұқсас тауының
Таныспын түгел тасына.
Аңызына ұқсас ауылдың
Жылдарым жатыр осында.
Тасына басқан таңбадай
Талайғы мұнда ізім бар:
Сорғалап жасым тамғандай
Сорабы суық тым ызғар...
Əйтеуір аман ер жетіп,
Бауырында өстім осының.
Ақыры қанат серметіп
Ұшырған мен бір құсымын.
Қараймын тағы соларға
Алпысқа жасым келгенде.
Тербеткен, сірə, болар ма,
Толқиды өлең кеудемде.
Адырлар қызық соншама
Жалғасқан жал-жал маядай,
Күз айы тақап қалса да
Бояуы қалың көк орай.
Жерінде қырқа, қия көп
Қозғаса ойды осылар.
Ағамыз ұшқан ұя деп
Сендер де жырға қосыңдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу