Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  74


Автор: Ғали Орманов

КҮМІС ШЫБЫҚТАР

Шығады терең шыңыраудан
Шаншылып күміс шыбықтар.
Секілді бүркіп күн жауған
Лебіне жаның тым іңкəр.
Теңейміз оны кейде біз
Тізілген күміс уыққа.
Тартса да дымқыл жейдеміз
Жүреміз ылғи жуықтап.
Шалқиды желге қырынан
Жаныңа самал ұрғандай.
Тосады бетін сұлулар
Қалампыр бүркіп тұрғандай.
Ауаның шаңыт, тозаңын
Алады қоса ол тартып.
Лебізін ион, азонның
Жұтамыз дəйім құмартып.
Тамыздың қапырық ауасы
Қымсынад одан тітіреп.
Бабымен бірақ алғашқы
Құяды фонтан сіркіреп...
Қарауыл шалда тек жазық,
Қолында соның бар тетік...
Қаламыз кенет құлазып
Құласа шыбық жалп етіп.
Қозғайды бірақ Алматы
Көңілдің жүйрік дөненін.
Түсіреді еске əр қалпы
Ақынның шумақ өлеңін:
«Жүзіңді күнде жайната,
Жасарттық қолдан сені жер.
Жаралған күні сен қайта,
Кеудеде бірге туды жыр!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу