Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  61


Автор: Ғали Орманов

МАЙ САЗЫ

Жарылқап жерімізді жылда осылай,
Жүрекке жылы тиіп келесің май.
Қараймыз тамылжыған тұрпатыңа,
Тұрғандай өнбойыңа өлең сыймай.
Күн көзің қуанышты күлім қаққан,
Бұлақтар көмейіңнен күліп аққан.
Сүйкімді бағымызда көрінеді
Сан қилы жарастырып гүлін таққан.
Осылай ашқанда сен өмірге есік,
Келеді əнші, жыршың бірге ілесіп.
Сілкініп жым-жырт орман шертеді күй,
Жеріміз секілденіп жырға бесік.
Уа, шіркін, дүниенің əнші Майы!
Сен келсең, құлпырады жер шырайы.
Күй өріп көкірегінен күллі өңірдің,
Сайрайды тіршіліктің бар сырнайы.
Бар ма екен дүниеде сенен жомарт?
Демейсің, не қаласам, қолыңды тарт.
Аларым ағыл-тегіл алдымда тұр,
Соны тек толғай білу өзіме шарт.
Желікпей жеңіл-желпі құр сарынға,
Қадалам қаулай өскен нышаныңа.
Сені бір мейіріммен жырлайды жұрт,
Тұрғандай қуанышы құшағында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу