Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  85


Автор: Ғали Орманов

ҚУАНЫШ

Тілейтін қазақ ежелден
Сүйініш ұзақ болсын деп.
Мысалын соның сезем мен,
Толғантса қазір кей сурет:
Соғамыз үйлер бекемдеп,
Қарасын ептеп селтитпей,
Қатарда мүлде мекен жоқ,
Қауашақ үйге тіп-титтей.
Қалада қазір көрем мен
Ғажайып үйлер неше алуан.
Іргесін тартқан тереңнен,
Қанаты тастан жасалған.
Жамырап соған кірсе жұрт,
Жадырап мен де қараймын.
Тобынан қалмай бір күн сырт,
Тойында болам талайдың.
Қаққам жоқ соған бір шеге,
Қойғам жоқ жəне бір кірпіш.
Кім барып бірақ кірсе де,
Соншалық жақын тартам іш.
Əйтеуір соған кіргендер
Секілді өрен-жараным.
Қуанып жатса үлкендер,
Жаңғырады үні баланың!
Сəулесін күннің толтырып,
Сүйсінер онда қанша жан!
Үйімде тіпті отырып,
Қуанам қатты мен соған.
Қосылар онда қанша жас,
Табысар қанша жүректер!
Қызықтан өмір шаршамас,
Ұлғаяр талап, тілектер!
Үзілмес жылша жалғасып,
Ұласар өсіп қанша өрен!
Қашан да жырға жан ғашық,
Төгілер əлі қанша өлең!
Жаны қош, жарқын сол көптің
Шын сыры болғым келеді.
Қуанып соққан жүректің
Дүрсілі болғым келеді.
Күлімдеп тұрған көздердің
Ұшқыны болғым келеді.
Салтанат құрған кездердің
Күшті үні болғым келеді!
Қуаныш деген сол-дағы,
Түсінсең, достым, сен оны.
Ақынның – сəні болғаны,
Ауызда жүрсе өлеңі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу