Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  105


Автор: Ғали Орманов

ҰМЫТПАС ҰЯ

Өткіздім жиырма төрт жыл мен бұл үйде
Болды бұл балғын кезде кең дүние.
Жарыммен, жас баламмен, жаңа жырмен
Жамырап сан мəртебе толды күйге.
Қуантып туды осында тұңғыш балам,
Құйды ылғи босағасы тың күш маған.
Осында баламның да шықты тілі
Өзіме өмірлік бір жырға ұқсаған.
Ұмытпас өлеңді де жаздым мұнда,
Жылынып жүздім ұзақ жазғы нұрға.
Жанымды жарылқаған жылдары көп,
Сездірмей қоналқамның аздығын да.
Толғанған тұстарым көп өлең ойлап;
Қилы өмір, өлең туса, өреді ойнап.
Жырғайды жақсы өлеңге жаның қандай,
Күн шіркін көкірегіңде күле жайнап!
Осы үйде жырыма сан алдым жүлде,
Өмірдің отына да жандым бірге.
Солардың қызығында, күйігінде
Бояуым қуаң тартып қалды мүлде.
Көрдім мен қоса мұнда мұң мен зарды,
Ауырттым ең аяулым – сүйген жарды.
Жүрегім жапырақша тітіреген
Ұмытпас осында бір күндер қалды...
Міне енді сол ұямнан барам көшіп,
Аттанды босағадан балам да өсіп.
Жылдарым жырларыма қуанғандай,
Жаңа үйім жазар қандай маған несіп?
Жанымды бөлейді сол жаңа күйге,
Жақсы бір сырлар шертіп маған дүние!
Ұмытпас жас күнімнің ұясындай,
Қараймын қалған жəне жаман үйге...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу