Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  121


Автор: Ғали Орманов

ОРТАҚ ҰЯ

Синая таудың төсінде
Сəулетті король сарайы.
Түбіне барған кісіге
Тым-тырыс ұзақ қарайды.
Төстері тасқа жабысқан,
Тырнағы түге болаттай.
Ақсиған өңкей арыстан
Алдында жатыр жолатпай!.
Көз салсаң сала-салаға,
Төгілген түгел көк орман.
Кезінде король соларға
Секілді жалғыз оранған.
Шарығы шанду шаруалар,
Көйлегі күйе жұмысшы –
Келмеген əсте мұнда олар,
Көрмеген əсте бұл тұсты...
Еркіңше енді іркілмей
Кезесің əсем шың ішін.
Туысы бөлек бүтіндей
Сезесің өмір тынысын:
Тым-тырыс сайлар толыпты
Саяхат, курорт, серуенге.
Иесі соның ең мықты
Ұқсайды жаңа келгенге!
Танырсың кімін түсінен
Жұмысшы қайсы, шаруа кім?
Көресің жақын ішіңнен,
Бөтені саған бар ма оның!
Сарайлар салған шырқатып
Өнері қызық жастардың!
Өзіне солар тұр тартып
Сəулесін түгел аспанның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу