Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  93


Автор: Ғафу Қайырбеков

АЛМАТЫДА АУЫЛ БАР

Алматыдағы №12 мектептің
2 «Ж» сыныбына
Алматыда ауыл бар,
«Ғафу» – оның есімі.
Қарсы алады бауырлар,
Ашық оның есігі.
Əдемі екен, сəн екен
Секілді ылғи қыр гүлі.
Бəрі сəби, бала екен –
Ол ауылдың тұрғыны!
Аппақ көңіл алаңсыз
Бейне ақынның жанындай.
Қара көздер, қараңыз
Бақытты өмір шамындай.
Бала жастан себілген
Асыл дəнге жетсін не?
«О, жасаған!» – дедім мен, –
Бергеніңді көпсінбе!»
Қалдым аң-таң абдырап,
Ғажап еді бұл қандай,
Кілең Ғафу жаудырап
Маған қарап тұрғандай.
Кетті көзден жас шығып,
Тұрды асылып кірпікте.
Жақсы екен ғой жақсылық,
Көрсең оны тірлікте!
Рахмет, бауырлар!
Сендер аман бола бер.
Алматыда ауыл бар,
Барсаң, соған соға кел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу