Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  100


Автор: Ғафу Қайырбеков

Болдың-ау, көктем маған енді естелік!

Болдың-ау, көктем маған енді естелік!
Қалайын неңді санап, неңді ескеріп.
Тұрғандай тар көпірдің аузына кеп,
Мен жеккен он бес арба, он бес көлік.
;
...Тағы да ораламын Шұбалаңға...
Айналып мен ойнайтын су-алаңға,
Малтимын, батып-шығып келе жатам,
Жолығып маған жұмбақ бір ғаламға.
Қылтиған жас құрақтар су астынан,
Айнымай қырдың жаңа жуасынан.
Бойынан таратады кермек иіс,
Жас иіс – тірлік исі бұл ашылған.
О, көктем, ол иісті білесің сен,
Бөлетін əр тірліктің үлесін сен.
Сəбидің қолтығында, борбайында
Айналып хош иіске жүресің сен.
Жастығың, сонда сенің жаңалығың,
Жасампаз, жарылқаушы даналығың.
Дəл сондай перзентіңнің біреуі еді,
Сонау бір менің тəтті балалығым.
Мен соған ораламын сені көрсем,
Ең алғаш кездескен күн менімен сен,
Жыл сайын маған соны көрсетем деп,
Жетелеп мұнша алысқа келіп ең сен...
Малтимын... Тағы есімде, кеудем суда...
Жаңғырған құлақ тосам көлден шуға...
Жамырап жас құрақтар сөйлеседі,
Не айтқанын мынау жеңіл желден сұра.
Табаным біраздан соң жерге тиіп,
Болған соң көк толқында тербетіліп,
Ырғалып суды кешіп келе жатам,
Шыпылдап қамыс басы белге тиіп...
Тағы да елестейді өмір маған...
Толқыны қанша кешсем тойдырмаған.
Сол толқын əлдиімен, əн-күйімен
Білдірмей жылды ұрлаған, ойды ұрлаған.
Алдымда тұр жағалау көлбең қағып,
Өмір-су бір тынбастан келген ағып.
Сонау бір құрғақ, суық жағалауға
Бас қойып, жығылармын мен де барып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу