Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  70


Автор: Ғафу Қайырбеков

...Есімде Шұбалаңның нар қамысы...

...Есімде Шұбалаңның нар қамысы,
Сыятын қойынына зорға құсы.
Көктемде ығы-жығы жəрмеңке боп,
Асырға айқұш-ұйқыш толған іші.
Ұя сап, абыр-сабыр құрылыс қайнап,
Тағы да көрме ашылып, тұрмыс жайнап.
Қаптайды неше түрлі жұмыртқалар,
Жел тербеп, салындыны қуысқа айдап.
Оларды қыздырады тірлік буы,
Желбіреп төбесінде рақат туы.
Туудың, жанданудың белгісіндей
Тербейді дүниені перзент шуы.
Сол кезде туған қопам – Шұбалаңым,
Көрінер көрмесіндей бір Алланың,
Көрінер жалпақ жиһан бөлшегіндей,
Соларды алдыма алып қуанамын.
Бəрін де өзім жасап отырғандай,
Шынында осы жерде ой туғандай.
Бұларды мен көрмесем, мен болмасам,
Белгісіз – дүниенің көркі қандай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу