Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  69


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ойлай, бойлай өмірді...

Ойлай, бойлай өмірді,
Жақсы, жаман көп көрдім,
Ауырды да, жеңілді
Бəрін бастан өткердім.
Енді аллаға мың шүкір,
Жалғыз жанға көп сауға.
Жатар жерің бір шұңқыр
Алтын сарай салсаң да.
Жас кезіңде ойлайсың,
Мəңгі жасайды екем деп,
Жүгіруді қоймайсың,
Қусам болды, жетем деп.
Ұлғайғанда ұмтылу –
Бір олжа да, бір зиян.
Үзілу де, жыртылу –
Бір жіңішке, бір жуан.
Қайран жастық сабырсыз,
Қай жыраға жықпадың,
Қайрат жұмсап дамылсыз
Таусыларыңды ұқпадың.
Енді мынау отырыс
Ескі томар түбінде.
Төңірегің тым-тырыс,
Айқай-думан түсіңде.
«Анау жоқ та, мынау жоқ
Жоққа жетпес күшің де,
Болса болды көңіл тоқ,
Ылғи «жоқтың» ішінде.
Тоқ көңілдің – сол батыр
Жан жүдесе, бағатын.
Анау жақта жол жатыр
Өзің «жоққа» баратын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу