Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  73


Автор: Ғафу Қайырбеков

Өлеңді жазбай кеткен көптен бергі

Өлеңді жазбай кеткен көптен бергі
Оятып, міне тағы көктем келді.
Боятып жеті түске бар өлемді,
Тағы бір сүйістіріп көк пен жерді.
Тағы бір алып мені есіне жұрт:
«Е, мынау бар екен ғой», – десін де жұрт.
Тағы бір тебіренейін жыр бесікте
Тұрғанда таңым кетіп, кешім келіп.
Неше том, жазған өлең неше кітап,
Көз көрген құбылыстың бəрін құптап,
Жинаған жүн-жұрқасын кəрі кемпір
Секілді кетерінде бір ұқыптап.
Сөреден бəрі қарап тұр байғұстар.
Дегендей: «кезің қайда қолыңа ұстар?»
Қайтсын-ай, олар да бір қаққан қазық
Мен кешкен үлкен өмір жолын нұсқар!
Қайтемін қиялымды енді күштеп,
Бір талай тастаппын ғой еңбек істеп.
Томпиған саусағымның сүйелдері
Иемге бара жатыр көнбегіш боп.
«Ақынның кімге керек мұнша зары»
Демеңдер, кейде көңіл мұң шалады.
Баяғы дүбірлеткен дүлдүл тұяқ
Қайтсе де қалады ғой бір шабары...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу