Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  78


Автор: Ғафу Қайырбеков

Есіңде бар ма сол кеште

Есіңде бар ма сол кеште
Торғайдың тұнық суында
Жағаға арғы жол кешкен
Жап-жарық айдың нұрында
Құлаштап, жалдап, масайрап,
Тұңғиық гүлге қол артып.
Жас бала күндер, жас ойнақ
Бəрін де сəтке оралтып?
Қармақ салып, шабақ ап,
Жарқылдатқан күн еді.
Қуанып санын сабалап,
Немере Айдар тұр еді.
Ай сəулесін жамылып,
Дүрсілдеп бала жүрегі.
Атаның суын жаны ұғып,
Оның да жүзу тілегі.
Қарап та соған, оралды-ау
Ағаңның бала күндері!
Сонау бір жасыл жағалау
Қоғаның иісі, су лебі.
Немере Айдар қазір де,
«Торғай барам, Торғай!» – деп,
Киімдерін əзірлеп,
Жолдың қамын ойлар көп.
Отырсаң енді ой аулап, –
Ұғасың талай нəрсені.
Туған жерге бір аунап
Кетудің қандай əсері!
Білу де үшін бағаңды
Жасыл да жайлау, жас мекен,
Далаң менен балаңды
Жалғастырған жақсы екен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу