Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  92


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ауада қалқып жүзді бу...

Ауада қалқып жүзді бу,
Аттардың қалың демінен.
Басталды, міне, «қыз қуу»
Даланың қайқаң белінен.
Қызығы-ау бұ да жалғанның, –
Береді оны – бізге кім!
Қуатын жігіт арманын,
Алатын ескі қыз кегін.
Əнекей, шықты бір сұлу
Үкісі баста бұлғақтап,
Басталды мұнда күрсіну
Елестеп көзде қымбат шақ.
Мінекей кетті бір жігіт
Астында ойнап арғымақ,
Үмітпен белін буынып,
Жібекпен басын шандып ап.
Махаббатшыл бойжеткен
Атының басын тежеп-ақ
Барады жайлап сол бетпен:
«Сүйсінші дей ме, азамат!»
Азамат аты шамшыл-ақ,
Бір қырын кетті қыз– аман.
Келеді қызың қамшылап,
Қанбай да қалған ызадан...
Тағы да тағы қыз-жігіт
Ұрғызып, кейде сүйгізіп,
Арқасын жұрттың қоздырып,
Іштерін жəне күйгізіп.
Басылар барып «қыз қуу» –
Көңілді ол да бір бұзар.
Тағдырдың өзі – бір сұлу
Сүйгізер де ұрғызар.
Күрсінеді ақын – жан кісі:
«Бізден де дəурен өтті-ау! – деп,
Арқама қыздың қамшысы
Бір батпай-ақ кетті ау!» – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу