Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  85


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТҰЛПАРДЫҢ БАСЫ

1
Ақшоқы – оңаша тау. Шаттың қасы,
О, ғажап, көрер көзге жат тұлғасы,
Жаяу Мұса қабірі дəл үстінде
Ақ сырмен бояп қойған аттың басы!
Не жұмбақ? Нендей мəніс, мағына мұнда?
Қу бастың осында кеп орнауында?
Тірлікте «Жаяу» аты қалмаған соң
Бұл – оның серік болған арманы ма?
Қиялға сыймайтұғын көріністен,
Азырақ қобалжиды көңіл іштен,
Тұр міне соған қарап көзін алмай
Жаяу Мұса мүсіні төніп үстен.
Қасірет жүгін өңгеріп нелер батпан
Қайран ақын елестер шерге батқан.
Əлі күнге жер-сапар аяқталмай,
Əлі күнге зымырап келе жатқан.
«Ия, оның есімі де, аты болған,
Ештемені ешкім жоқ тартып алған!» –
Деуге куə үшін бе? Болды жұмбақ
Осынау аттың тылсымдай қалпы маған
Кім болса да əкеліп мұны қойған,
Қымбат белгі жасаған қиын ойдан,
Көпке дейін ұға алмас мағынасын
Қозғалмай қан денеде, қиналмай жан.
«Батыр атам» – дейді екен ұрпақтары,
Ақын, əнші, серілік атақ бəрі –
Бір батырдың атына жетпегендей, –
Онда да бар мағына жұмбақ тағы.
Айдау, байлау, матаудың бəрін көріп,
Бəрін беріп, алған ол жанына ерік, –
«Жүрегінің түгі бар» – дегізген ол,
Істерінің жасаған бəрі де ерлік,
Бəлкім, дұрыс түсінген ұрпақтары –
Туа көкті жайлаған ер сұңқары,
Сұнқар болса, болады қос қанаты,
Батыр болса – болады бір тұлпары,
Көрген жанды көп ойға батыратын,
Ұзақ қарап тұрдым мен басына аттың.
Көз алдыңнан кетпейді, боз тұлпармен
Шауып бара жатқан бір батыр-ақын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу