Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  82


Автор: Ғафу Қайырбеков

МƏҢГІЛІК ІЗДЕУ

1
«Тастақта» – Алматының бүйрегінде,
Тасалау тас көшенің бір жерінде,
Ертеде одан-бұдан құрап салған
Шағындау жөндеуі көп, жөргем үйде
Тұрды бір шал мен кемпір – кəрі қосақ,
Жүректің күші қайтып, əлі босап,
Батуға күн еңкейген кездері еді, –
Тірліктің ақырының бəрі де осы-ақ.
Алайда жетпіс үшке басса да аяқ,
Шал жүрді қызметін тастамай-ақ,
Қайыспас қара кеме секілді еді
Өмірді кешіп өткен бастан аяқ,
Көп жүрген дүниенің сайысында,
Көрмеген айырбастап шайын суға,
Аузынан «жоқ» деген сөз бір шықпаған,
Жарылқап жақынын да, алысын да.
Сүйретіп сан ағайын, сан туысты,
Аямай кеудедегі жан-тынысты,
Жіберген бəрін дағы адам қылып,
Жан еді серті берік, анты күшті.
Береке жүрген жері, олжа-табыс,
Əп-сəтте барлық жұртпен болған таныс,
Өзінің дүрілдеген заманында
Дос еді ұйғыр, өзбек, доңған, кəріс.
Кететін құшақтасып, қолтықтасып,
Көрген жоқ ештеңеден қорқып, сасып,
Азық па, дүние ме, шай-шарап па
Қоятын үйіп əкеп, мол ғып тасып.
Жататын үлестіріп бəйбішесі,
Демейтін «қандай туыс, қай кісі осы?»
Əйелдің ақ сүйріктей əулиесі,
Жан еді ақылына сай мүшесі.
Кездері қара бүркіт, қызыл түлкі –
Жайпаған жастық дəурен – асыл мүлкі
Осы үйдің қазанынан тарқаушы еді
Қазақтың ол кездегі жақсы жұрты.
Жылдар ғой отызыншы, дауылменен
Жаңа күн орнап, өсіп, дəуірлеген.
Бұрқанған революция тасқынында
Жігіттер самсап шыққан тəуір – деген.
Болған соң ортаң жақсы – сен де жақсы,
Ел бақпас есірік-жын ылғи бақсы.
Мұның да туысында еш айып жоқ,
Айыбы – оқуы орта, білім тапшы.
Əрең деп қол қоятын хəлімен-ақ
Тұрғанда дүние беті бері қарап,
Бастығы болды талай мекеменің
Көрген жоқ бірақ оның мөрін жалап.
Шаттанып, шал болғанда еске алатын
Қырандай қомдап ұшқан қос қанатын.
– Сол кезде «совсинторг» болып тұрдым,
Жұмысын сауда-саттық басқаратын.
Астық па, мата, шай-қант, алтын күміс –
Арадан үзілмейтін күн-түн жүріс.
Аспанға жүрдік жүкті тіреп қойып, –
Аударып ала беру – біздің жұмыс.
Қайтемін, кейінгісін санап, тантып,
Қызметті қолдан келген сан атқардық.
Кезінде көздің өткір, кірпік қақпай, –
Дүниенің қызығына қарап қалдық. –
Деуші еді қайран шалың желдей есіп,
– Етекті ұзартпадық жеңнен кесіп, –
Ырысты қос аяқтап тепкеніміз жоқ,
Өттік қой кепиетсіз, тəубе десіп.
Мəпелеп бала туып, бала өсірдік, –
Секілді баптау күткен бəрі есімдік, –
Түзеттік қисайғанын қадағалап,
Болған жоқ қаны бұзық, жаны есірік. –
Деп оған бəйбішесі сөз қосатын,
Шалының біреу мақтап, қозғаса атын.
Кететін көтеріліп əдеті еді,
Сөздері жарасымды жалғасатын.
Дариға, сондай болсын жар қосағы!
Тірліктің жарқыраған зер моншағы.
Секілді жақсы адамдар туады ғой
Қашанда елдің сəні, жердің сəні.
2
Əйтсе де жұмыр дүние шыр айналған
Ешқашан бір қалыпта тұра алмаған.
Қаңтарып, қартаюдың аулына əкеп,
Бұрынғы ажар-көрік, шырайды алған.
Содан соң «пəлен болдық, түген болдық» –
Дегендер озып кеткен, уақыт қор ғып,
Айналар өтірікші бір суайтқа,
Мыс етіп, жүзігіңді жүз мың сомдық.
Біртіндеп бірге жүрген кісі азайып,
Баяғы кездесетін құшақ жайып,
Қаңғырған жібек баулы қаршығаңдай –
Көзіңнен қайран дəурен ұшар ғайып.
Мүжілген қара таудың ескі тасы
Секілді мүшеңнің жоқ еш тұтасы.
Таң атып, күн келгенде солған айдай
Түндегі аспан көркі, көк тұтқасы.
Сарғайған жас кездегі суретті алып,
Қарайсың сағыныштан жүрек талып.
«Па, шіркін, болған екем!» дейсің мəз боп
Иегің бос ауаны тіреп қалып.
Ие, солай, біздің шалға қайта оралсақ,
Пенде ғой, ол да күнін айтар аңсап,
Қап-қалың қара кітап секілді еді
Оқылар оқиғаның бəрі самсап.
Аузынан ұшыратын сөздің құсын,
Дегізбей «өтірік айтса – өзі білсін», –
Өткізген жəрмеңкенің өзегінен.
Алтынға айырбастап жез-күмісін.
Шабатын жүйрік еді сүрінгенше,
Асылдай тозбай келген бүгінгеше,
Осы ақыл, осынау өжет қимылменен
Арман-ай, оған биік білім берсе,
Басқарып кетер еді мемлекетті,
Көп қайрат жұмсалынбай текке кетті,
Өрмелеп жетпіс үшке шыққанынша
Отырмай жалғыз сағат еңбек етті.
Жаз түгіл, енді бастап күз өткенде,
Қоқырауы кəріліктің дыз еткенде,
Баяғы бастық болған мекемелердің
Қақпасын бүгін келіп күзеткенге.
Арланып, еткені жоқ босқа намыс, –
Сағынып оның қолын тосқан əр іс.
«Еңбектің жаманы жоқ», – дейтұғын ол
Біз болсақ, жұмыс таңдап мастанамыз.
3
Күзетіп шампан завод, шай фабрик, –
Əр күннің хикаясын айта жүріп,
Олжасын үйіп-төгіп кемпіріне
Ішетін несібесін шайқап-үріп.
Осындай күндерінің бірінде шал. –
Болғанмен бойымдағы кірім де сəл
Моншаға барып қайтам, – деді – кемпір,
Келеді-ау деген кезде шай қоя сал.
Арада өтіп кетті үш-төрт сағат
Шай түгіл, əлде қашан піскен тамақ.
Шалы жоқ, шал кешікті сапарынан.
Көп күтті, кемпірінен кетті тағат.
Кеш батты, кеш батқан соң түн тұра ма,
Уақыт – асқан жілік – бір тұра ма.
Іздеді шалмен қоса балаларын,
Қорықты жалғыздықтан шіркін, ана.
Балалар бірі ойда, бірі қырда, –
Қолда жоқ дүниенің қыңырында,
Ол үйге телефоның қайдан келсін,
Болса да танымас ед цифрын да.
Солайша ұйқы көрмей таң атырды,
Жұлдыз да сөніп болды ең ақырғы,
Үміттің келер деген бір сəулесі
Қалтырап қыл үстінде əрең тұрды.
4
Өтініп көршідегі бір баладан
Жан-жаққа телефонды ұрған анаң, –
«Байғұс шал, қай ұзаққа кетем, – дейсің
Табармын, тірі болсаң, бұл қаладан!» –
Хабарлап кеңсесіне, жан ұшырды,
Суалған көк тамырда қан қысылды,
Шүйкедей сары кемпір жүгірумен
Сүйектің тұла бойда бəрі сынды, –
Шіркін-ай шал табылып дертті жамар,
Дегенде өкпе кеңіп, жүрек қуанар –
«Үзілген өмір жібі бір қара шал
Моргта жатыр» – деген жетті хабар.
Содан соң сорлы кемпір ес жимады,
Көзіне көрінбеді ешкім дағы,
Ол түсті бұлдыр тұман арасына –
Бұл жалғыз – өтіп кеткен көштің бəрі.
Бұл жалғыз – қалып қойған ескі жұртта,
Айналып талма түсі кешкі ымыртқа.
Топырлап, содан кейін адам толып,
Есінде отырғаны есік жақта.
Аттанып əлде біреу əлде қайда,
Соңынан жұрт шұбырып, ел жылай ма,
Бұл жылап, ел жыласа – еңірей ме,
Үстіне топырақ түсіп, жер құлай ма?
Дүние болып кетті шым-шытырық,
Шығады түн қойнынан күн сытылып,
Қайтадан түн орнайды, шалды іздейді,
Айқайлап төсегінен ұшып тұрып.
Əлдекім сыбырлайды – «ол өлді!» – деп,
Келмейтін сапарына жөнелді – деп,
Қашан ол жөнелгені – өтті бір жыл,
Кейін қайт, есіңді жи сен енді – деп.
– Жоқ, жоқ, жоқ! – деген шығып ащы айқайы.
Көнбейді, сенбейді де бас шайқайды.
– Екеуміз ішеміз – деп əзірлеген
Кетуі мүмкін емес – тастап шайды.
Дастарқан жаюлы тұр, тамақ əзір,
Кетпейді келеді ол – шалым кəзір.
Сендерге шеше екенім есіңде жоқ,
Ұялмай айтасыңдар бəрің əзіл.
Қойыңдар, «жақсы сөзін – жарым ырыс» –
Шал келсе дейінші бір, «бəріне ұрыс».
Жылатып текке мені шаршатпаңдар,
Мен байғұс қай бір адам қаны дұрыс?!»
Осылай оза берді бұл тіршілік,
Қайран ес бірде кіріп, бірде шығып,
Жүргені күні бойы шай қайнатып,
Шал келмей, шаршатады кіл кешігіп.
Шошынған балалары мынау істен
Қаншама бақсадағы шыдап іштен,
Айнымас болғаннан соң бір қалыптан
Перзенттік адал көңіл, шын намыспен.
Қарады үйлерінде кезектесіп,
Өрттей-ақ ана дерті өзек кесіп,
Бірақ ол өз үйінсіз тұра алмады,
Шақырып көне шаңырақ, ежелгі есік.
Жүргенде қызметте жұрттың бəрі,
Не түнде яки таңда құлқын сəрі,
Үйіне сол баяғы тартатұғын,
Белгілі – шай қайнату одан əрі.
«Бұл үйді болмас сатып құртпайынша –
Жүре ме өсек айтпай, жұрт жайынша,
Қаңғыртып жіберді – деп балалары –
Оңай ма онда-мұнда сөз жайылса!
– Десті де, өздерінше ақыл қосып,
Тұрмай-ақ ендігі істің артын тосып,
Əлгі үйдің ə дегенше көзін құртты,
Бұларға болған бір кез алтын бесік.
Тірліктің қайғы-мұңы ащы қандай!
Қақпасын қанша келіп аштыра алмай,
Аң-таң қап, қайран кемпір кетіп жүрді
Кешегі өз үйіне бас сұға алмай.
Жоғалды күндегі есік ашқан кілті,
Тарқады бауырына басқан мүлкі.
«Шал, шал! – деп жаңғырыққан түңгі айқайдан
Оянып жүрді талай Тастақ жұрты.
5
Бұл шындық, шындық бірақ аңызға ұқсас,
Шындықтың адам əсте бəрін ұқпас, –
Аңыздың əулиесі – махаббат қой,
Бəрі бір махаббатты өлім жықпас.
Мəңгілік іздеуменен сыңарын ол,
Білді ме көзін жұмып тынарын
Түбінде мына дүниенің есігінен
Апарар ол дүниеге шығады жол.
Сол жолмен кетті кемпір шалын іздеп,
(Ойым жоқ оқиғаның бəрін тізбек).
«Ол шалды ойда жоқта жүріп кеткен
Қайтсек те осы жолда табармыз – деп.
Бəлкім ол тапқан шығар, көңіл – медеу
Солайша тұтынады жанға тіреу.
Əрине, айтар еді табысты – деп
Ол жақтан қайтып келсе егер біреу.
Ондай жоқ. Бірақ «Бардың» бəсін аңғар, –
Дəм-тұзы бұл дүниеден таусылғандар,
Таусылмай махаббаты қалды артында
Бір-бірін іздеп өткен асыл жандар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу