Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  97


Автор: Ғафу Қайырбеков

МАХАББАТТЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

ЖІГІТ СӨЗІ
(Ə н м е н)
– Əлде сор, бағым ба,
Ұнап ең жаныма,
Сағындым атыңды
Жан сəулем, М-на.
«Шығар деп бір ойдан»,
Тілеп ем құдайдан.
Мен үшін ақ жүзің
Артық ед күн, айдан.
Ауырдым, сырқадым,
Мəлім ғой бұл халім.
Тез жанып, тез сөніп
Басылмады іңкəрім.
Кімге айттым мұңымды,
Кім білер сырымды,
Қос құшақ айқасқан
Күн қайда бұрынғы?
Ғашықтың бір əні,
Жанымның құмары.
Сен салған «Ақ қайың»
Құлақта тұр əлі.
Кіресің түсіме,
Құлпырған пішінде,
Отырам сенімен
Той-думан ішінде.
Ұмытам деймін де,
Бармаймын мен мүлде
Өзің кеп тұрғандай
Боласың кей күнде.
Тағдырға не шара,
Көңіл бір бейшара.
Жазылмай кеткені-ау
Жүректен сол жара.
Болмасын жолың тар,
Ақырғы тілекті ал –
Мендей боп, менен де
Тіпті артық сүйсін жар!
Бұзбайын сертімді.
Билейін еркімді,
Соңғы рет бір бұршы,
Сүйейін бетіңді.
Енді сөз созбаспын,
Енді жан мұздасын,
Өшпейтін бетінде
Ернімнен із қалсын.
Қартайып-нұр түсер,
Соларда гүл түсер,
Сен деген жүрегім
Көрге де бір түсер.
Əр тарап біздің жол,
Бұйырған дəм-тұз сол.
Қош, жаным, мəңгіге,
Қош, сəулем, есен бол!
ҚЫЗ СӨЗІ
(Б ұ л д а ə н м е н)
Не дейін, жан жарым,
Ауыр ғой арманым,
Ұға алмай, майыстым,
Достықтың бар мəнін.
Кешір, сен, барлығын,
Кешір, сен, жан күнім,
Аз емес, білесің
Менің де зар-мұңым.
Сүймеймін ешкімді,
Яки көз, кескінді.
Сенен соң сұм жүрек
Кірленді, ескірді.
Құр өлік денемді
Жат біреу иеленді.
Бұрынғы М-на
Жоқ енді, жоқ енді!
Атыңды тұмар ғып,
Тағармын қуанып.
Қай жерде жүрсем де
От жағып, күл алып.
Тілеймін тірлігің,
Біткенше бұл күнім,
Күліп өт өмірден
Болмасын бір мұңың.
Құшағым ұмтылған
Аһ ұрып, құр тынған.
Көлеңкең сан рет
Оятар ұйқымнан.
Келгенде қара күн
Дүниеден көшетін,
Сонда да сен ғана
Аузыма түсетін.
Өмір бір – дос артық.
Қалар қол шошайып.
Кетермін атыңды
Иманмен қоса айтып.
Дірілдеп, сөніп тез
Басылсын соңғы сөз.
Қалайын бір ұстап.
Кел, ғашық қолың соз!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу