Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  168


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚЫЗҒАЛДАҚ

Неге, неге, жас қызғалдақ,
Қыста көктеп тұрсың сен?
Қараймын да, қалам ғажап,
Əттең, сырын түсінсем.
Тек дыбыссыз тербелесің
Тереземнің алдында,
Əлдебір қыз омырауынан
Жазда түсіп қалдың ба?
Сыртта суық қыстың күні
Елең етпей тұрсың сен.
Жансың ба əлде сен бір тірі,
Айтшы маған кімсің сен?
Қандай саусақ ұстап сені
Қадады екен сол жерге?
Кімді күтіп, қарсы ап кімді,
Қашан, қай кез келгенде?
Кімге тарту қылды екен
Қай қара көз мөлдіреп?
Гүліңді үрлеп тұрды екен
Қандай ерін үлбіреп?
Кімнің тозбас үмітісің
Осыншама көрікті?
Маған ғажап бұл бітісің
Өн бойымды ерітті.
Аязды елең қылмайтұғын
Неткен еркін, еркесің!
Əлде өзімнің солмайтұғын
Қызғалдағым ба екенсің?
О, қызғалдақ, айтшы онда,
Көтерші бір еңсемді,
Көз жасымнан суарсам да
Қуратпаймын мен сені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу