Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  80


Автор: Ғафу Қайырбеков

Шарап көп-ау Кавказда...

Шарап көп-ау Кавказда,
Дəмнен дəмін оздырған.
Жүзге келген қарт аз ба
Мүйіз құты тоздырған.
Желге толып өкпесі,
Делебесін қоздырған.
Кеспегі мен бөшкесі
Кеңірдекті создырған.
Сол баяғы күндерден
Қалған бұл да бір аңыз.
Жайың болса білмеген
Білгендерден сұраңыз.
Бап түгендер бір шалдың
Тəтті бопты шарабы.
Қанша мерзім, қанша күн
Келтірілген жарауы.
Нендей сиқыр, не тылсым,
Кетеді өзге күш дарып,
Айтпаған соң кім білсін,
Шал ешкімге тіс жарып.
Өлерінде тек қана
Баласына айтыпты: –
Мұны өсиет деп сана,
Сақта менен сарқытты.
Жан пендеге сыр ашпа,
Үйсін, төксін байлықты.
Ешкімнен жөн сұраспа,
Деме əзəзіл айнытты.
Ə дегенде шарапқа
Депті бұлбұл қанын қос.
Тамшыны артық таратпа –
Болады онда бəрі бос.
Екіншіде қанын қос
Қара аюдың, ұмытпа,
Қос-тағы, оның дəмін тос,
Желге қойып суытпа.
Үшіншіде шошқаның
Екі қасық қос қанын.
Осы үшеуін есіңе ал.
Мен жөнелдім, қош, жаным:! –
Деген кезде баласы:
– Айттың, əке, əдісін,
Ашпайсың ба енді осы
Жұмбағыңның мəнісін!
– Ə, – деді шал, – жарайсың,
Үміт ақтайды екенсің.
Біріншіде сайрайсың,
Бұлбұл болып кетесің.
Екіншіде аюдай
Күш бітеді бойыңа,
Неден болса тайынбай,
Не келсе де ойыңа
Соның бəрін істейсің,
Қалтырайды дос, қасың.
Үшіншіні ішкенде –
Сен кəдімгі шошқасың! –
Депті-дағы қария,
Батар күндей байыпты.
Баласы оны жария
Етіп, жұртқа жайыпты.
Білмеп еді – несі айып,
Білемін – деп – əлек қой.
Білген сайын, қисайып
Кететұғын əдет қой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу