Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  72


Автор: Ғафу Қайырбеков

СОЛ ЖЫЛ МЕНІҢ ЕСІМДЕ

Осыдан отыз алты жыл шегінсем мен,
Кезі еді он сегіз жас – тегін серуен.
КазГУ-дің кең залында отырдық біз,
Өлеңшіл, өр көкірек өңшең серімен.
Соғыстың əсерімен былтыр біткен,
Шақ еді қуаныштан жұрт дүрліккен.
Аман-сау қалғандықтың бақыты еді-ау,
Əлі де дəм таусылмай бұл тірліктен.
Бəріміз ақын едік жалындаған,
Ешкімнен талант сұрап жалынбаған.
Өртеніп оқығанда өлеңдерін,
Керемет көрінетін бəрі маған.
Жұлынып, отқа түсіп, жұтқан жалын,
Қолымен найзағайдың тұтқан бəрін.
Бастығы əдебиет үйірмесінің
Дүрілдеп тұрған кезі Нұтфолланың.
Зейнолла, Аманжол мен Жаппар ақын
Кеудеден ақ жалынды ақтаратын.
«Бүгінгі Маяковский мен болам», – деп,
Төлеужан жарылуға шақ қалатын.
Сол кезде сырықтай бір қоңқақ мұрын
Биікте оқушы еді баптап жырын.
«Моладағы гүл» деген аты есімде,
Білуші ем бір шумағын жатқа бұрын.
Өлеңі өте мұңды өзек тілген,
Қаншама оқыса да өзі екпінмен,
Сынадық жабылып кеп «дұрыс емес» деп,
Уақытта қуанышқа кезек тиген.
Жылауға болмайды деп мұнша егіліп,
Отырды ол үндеместен бір шегініп.
Ойымнан көпке дейін кетпей қойды,
Сол өлең араласқан мұң, шер, үміт.
Кім білсін онда қандай жолды күтті,
Түбінде шығаруға мол мүлікті!
«Өлеңі басылмайтын байғұс қой!» – деп
Мен ұзақ аяп жүрдім сол жігітті.
Аттадық əлденеше он жылыңды,
Сан жолда ой қалыңдап, бой бүгілді.
Алпыста романдарын арқалаған
Сафуан Шаймерденов – сол бүгінгі!
Бəрінің əрі інісі, əрі ағайы,
Басылмас арыстандай əлі айғайы.
Иілмес дауыңа да, дауылыңа да
Сорайған солтүстіктің қарағайы.
Жан едік əзілдесіп ойнамаған,
Еске алып ескі күнді ойға қалам.
Аман жүр аспандаған басыңменен
Қоқиған қоңқақ мұрын қайран ағам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу