Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  72


Автор: Ғафу Қайырбеков

Жез таңдайлы ақындар...

Жез таңдайлы ақындар,
Бал көмейлі бұлбұлдар,
Арғымақтар алтын жал,
Ақ тамақты сұлулар, –
Мекен еткен Сар Тосын,
Бабында екен бүгін дəл,
Бұл да сауық, салт болсын,
Шыңдарыңа шығыңдар.
Мойыл менен қарақат
Жүгіре-жүгіре теріңдер,
Салтанат пен Рақат
Қызығын бір көріңдер! –
– Жақсы сөзді бұл айтқан,
(Мұндайда бар керегі),
Ел шежіресі Ахметхан
Сексендегі сері еді.
Ақ құмына Тосынның
Қыз-бозбала шашылды.
Туысың кім, досың кім –
Салдық сайран асырды.
«Сағыз теріп берем», – деп,
Біреуді біреу жасырды,
Жаңғырыққан төңірек –
Танымайсың даусыңды,
Үркіп ұшты көбелек,
Əнебір жерде тал сынды...
Төсінен буы бұрқырап,
Қолында қымыз шымырлап,
Көзімен көзі ұшырап,
Ақырын ғана сыбырлап,
Əдемі жеңгем ағама:
– Түсіріп алдым сырғамды,
Айыпқа оны санама, –
Деп наз айтып бір қалды.
– Неткен ғажап жер – дейтін,
Қалса болар осында,
Бір байғазы бермейтін
Жөнің жоқ қой Тосынға,
Осы жердің есімі
«Сырға қалған» болсын да! –
Риза жеңгем сол шақта
Мына сөзге дап-дайын,
Күйіп-жанған саусақпен
Сипайды аға маңдайын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу