Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  89


Автор: Ғафу Қайырбеков

Таңдай қаққан жер əлемі...

Таңдай қаққан жер əлемі,
Братислава гобелені.
Қандай сұлу, əдемі еді,
Махаббаттың əн-өлеңі!
Алты залда ұласқан жай,
Алты бірдей өрлеп кілем.
Алты тарау жыр дастандай,
Асыл зермен өрнектелген.
О, қасиетті шын махаббат,
Неткен сырың терең еді.
Тауыспаған сені жырлап,
Адамзаттың өнерлері.
Ақыл, шабыт, талант, қайрат,
Қол сиқыры, көздің нұры.
Бəрі сайрап, бəрі жайнап,
Айтып тұрған сенің сырың:
...Көк теңіздің ортасында,
Бар екен бір алыс арал.
Соның биік жартасында,
Алтын сарай – тыныс алар.
Патша қызы айдай сұлу,
Күннен көркем жан екен бір.
Одан лəззат дəме қылу –
Пəндешілік əуре екен құр.
«Теңі болмас қыз жаралмас,
Бəрі бұйрық, жарасымнан».
Жігіт екен өткір алмас,
Сонау қызға құлаш ұрған.
Ғашық оты – от қой жылдам,
Аспандағы найзағайдан.
Өр сұлудың мойнын бұрған,
Жігіт көркі əлдеқайдан.
Қос күмістей жарқыл қосып,
Қос алтындай көз тұндырған.
Түнде сұлу алдын тосып,
Жағалаудан толқын ұрған.
Жүреді екен жолығысып,
Бір құдайдың көмегімен.
Бір махаббат жандай ыстық –
Жұмысы жоқ сөнерімен.
Ер жігітті алып ұшқан,
Күнде теңіз жағасына.
Алыстан от шағылысқан,
Қалың тұман арасынан.
Белгі берген қыздың шамы,
Балқып тұрған бұ шағында.
Жүз періште жүз құшағы,
Жетпес оның құшағына.
Бірақ сонша алыс құрғыр,
Көк теңіздің арғы жағы.
Жас армандай қағып бұлдыр,
Əрең көзге шалынады.
Аласұрған мың арыстан,
Жалы биік толқын қандай!
Жігіт түгіл сол алыстан,
Алып кеме алқынғандай.
Не істетпеген бұл махаббат,
Бақсаң оны, бағаласаң.
Нəзік қолмен мұны арқалап,
Алып шыққан жағаға сан.
Сонда ынтызар екі ғашық,
Болып ұмыт ақыл, зейін.
Жүрегінің өртін басып,
Отыратын таңға шейін.
Өткен күндер – өлген толқын,
Жағалауға басын ұрып.
Жүрді есен-сау қанша, бəлкім,
Қайран сол бір ғашық жігіт.
Ақырғы түн – ол қырсық түн,
Қалған қыздың шамы жанбай.
Тағдыр деген тал шыбықтың,
Сынар жері табылғандай.
Бір күрсініп алып жігіт,
Ақырғы дем тынысындай.
Аю толқын алдын сызып,
Қайратының қылышындай.
Кетті сермеп екі қолын,
Қыздың осы тұрағы-ау деп.
Əлсін-əлсін кесті жолын,
Бір асаудан бір асау кеп.
Өршеленіп жатты толқын,
Теңіз өксіп, ішін тартып.
Жол болмады мұндай жойқын,
Жігіт күшін алды сарқып.
Көрінді оған бұл уақытта,
Қыз орнынан көшкендей боп.
Жету үшін сол бақытқа,
Мəңгі сапар кешкендей боп.
Қарауытып қатар-қатар,
Мұнаралар түсті көзге.
Аяқталды қайран сапар,
Ақтық тамшы ішкен кезде.
Асылды да бір жартасқа,
Жігіт үнсіз қалды қатып.
Сол уақытта жатты аспан,
Найзағайын жарқылдатып.
Сол сəуледен көрді сұлу,
Ақ денесін ғашығының.
Одан енді қайтқан жылу,
Тастап өмір асыл күнін.
Еңіреді сонда бейбақ,
Көзін сүйіп бақытының, –
Салды дағы басын жайлап,
Ол да сосын тапты тыным...
Екі бірдей өлген жүрек –
Бір-біріне сүйенісіп.
Сен қарайсың жан елжіреп,
Тағы сосын зəрең ұшып!..
Таңдай қаққан жер əлемі,
Братислава гобелені.
Қандай мұңды, əдемі еді –
Махаббаттың əн-өлеңі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу