Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  75


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ал сонау ұшар биік көкстанда...

Ал сонау ұшар биік көкстанда,
Ақ таңдай ай менен күн тоғысқанда,
Əдейі арашаға қойған ердей,
Сəт тауып жеңілгенге болысқандай.
Шойыннан құйған мүсін Роланд батыр,
Жарқылдап үсте сауыт, айналып тұр.
Түп-түгел бес қаруы бойына шақ –
Дүниенің ғажайыбы – бұл алып бір.
«Қаланың күзетшісі» – дейді халық,
Қараған төрт құбылаға шыр айналып.
«Егерде ол тоқтаса – жау келгені, –
Жорыққа шығады онда ел жиналып!»
Тұтынған Братислава əулиесі,
Мəңгілік арылмайтын бар киесі.
Қашанда бір мықтыға табынатын,
Халықтың қасиетті тəрбиесі.
Биікте дамыл таппай Роланд сері,
Қырық жыл айналып тұр содан бері.
Қырық жыл тұңғыш рет тыныс алып,
Қаланың қақпасына жау кірмеді.
Берік-ақ жігіт екен бұ-дағы антқа,
Тастамай алып тұрған мұраны артқа.
Не дейсің көпті көрген мына қартқа,
Қарайтын əлсін-əлсін Роландқа!
Баяғы қалмай жүрген алаң көңіл,
Кешілген ызы-қиқу заман не бір.
Дунайдай ағысынан жаңылмаған,
Алаңсыз ағып алға барады өмір.
Күн бар ма бейбіт елдің бұл күніндей,
Шомылған нұр суына қыр гүліндей.
Биікте қарауылшы қас қақпайды,
Қайнаған Братислава тірлігіндей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу