Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  70


Автор: Ғафу Қайырбеков

Бұлттарды Балқан тауы жатты өңгеріп...

Бұлттарды Балқан тауы жатты өңгеріп,
Жап-жасыл жалпақ жаһан, неткен көрік!
Үш күнде сағыныппыз көк Дунайды,
Шыққанда Видин деген порттан келіп.
Бұл Видин – үлкен қала Болгардағы,
Бір кезде бүкіл елдің болған жаны.
Басталған барлық соғыс осы арадан,
Қырғынның екі жаққа ауған бағы.
Алыстан, арғы беттен атып-атып,
Қақ тіліп дарияны, қақыратып,
Ажалдың тажал басы шыққан жері,
Қасқырдай қанды көзін жарқыратып.
Содан соң азаттықтың перзенттері,
Ең алғаш осы араға кеп жеткені.
Кеңестің солдаттары қатар жатқан,
Сонау бір жасыл бақта жел беттегі.
Өңкей сол сандықшалар жасыл шөптен,
Мəрмəрдан қоя берген тасын шеттен.
Ап-анық жазулары – аты, жөні,
Туыстар іздеп келіп, жасын төккен.
Гүлдердің біз əкелдік баққа бəрін,
Тұр едім еш нəрседен жоқ хабарым.
Бір болгар: «Қазақтар кеп мұнда,» – деді,
Əлгіге «ə» деп қалып, жалт қарадым.
– Жүріңіз!
Мен соңынан кеттім еріп,
Қалың топ ұзақ тұрған, көп түнеріп,
Кейбірі үнсіз ғана шегіністі.
Асығыс аяңдаған бізді көріп.
Арасы бес адамнан, он адамнан,
Бір қазақ барған сайын шығады алдан.
Табанда он жетісін санап шықтым,
Барады дəт шыдамай бұдан əрман.
Өндірдей көбісі жас – сонау елден,
Соғыстың соңғы жағын ала келген.
Мезгілсіз сөнген өмір шуылдайды,
Мынау бір жапырақты қара еменнен.
Жанымда құйын ұйтқып, жел азынап,
Шырқырап құлыншақтар, бота боздап.
Бар ауыл жылағандай болды маған,
Мен тұрдым қазір құлап кете жаздап.
Қанша өмір қалған мұнда жанып, өшіп!
Соғыстың қасіретін тағы кешіп.
Қайысып тұр əнекей отандастар, –
Қасында қалың қабір-қанды бесік.
Арқалап біз солардың аманатын,
Ант еттік қорлатпауға адам атын.
Болгардың қасиетті топырағы,
Болдың сен одан сайын маған жақын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу