Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  67


Автор: Ғафу Қайырбеков

Аспандатып салған бір биік...

Аспандатып салған бір биік,
Алдымда ғажап ескерткіш.
Қандарын төгіп, жандарын қиып,
Тағдырын Болгар шешкен күш.
Қаһарман Кеңес жауынгерлері,
Қарайды содан мəңгілік.
Алғыстың əсем айтылған жері,
Тарихқа соғып жаңғырып.
Мызғымас мыспен мəрмəрдан қашап,
Көтерген көкке айдарын.
Халықтың шабыт, жанымен жасап,
Асырған ердің айбарын.
Өрлеймін биік басқышпен алға,
Кеудемде сондай мақтаныш.
«Қиялым кетті аспанға самғап»,
Қанатын бейне қаққан құс.
Жарқырап жан-жақ нұрға ұқсап тұрды,
Шыққанда біздің тұстан күн.
Апарып қойдым бір құшақ гүлді,
Атынан Қазақстанның.
Атымды жаңа ұққандай едім,
Арасын жарып сол көптің.
Бір өлең жазып шыққандай, мені,
«Ақыны, – десті, – Кеңестің!»
Алыста жүріп естіген бұл сөз,
Ыстығын сездім сонда мен.
Адамда сондай болады бір кез,
Қонатын бақыт қолға əрең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу