Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  87


Автор: Ғафу Қайырбеков

Бұл жақта жауын, күн суық...

Бұл жақта жауын, күн суық,
Кешігіп жатыр жаз əлі.
Қояды тоңып, түршігіп,
Қасымда Сырдың қазағы.
– Бақытты-ақ өзен екен-ай! –
Дейді ол тағы ойланып.
– Көк айдар жаға көркем-ай,
Қарасаң түгел айналып.
Не деген орман, ну кілең,
Саусағың əрең сыйғандай.
Жаһанға жайған бір кілем,
Жатқандай əлі жиналмай.
«Ақын ба мынау?» дегендей,
Қараймын оған жалт беріп.
Ағады қатты бөгелмей,
Көгілдір Дунай көк бөрік.
– Алты ел – алты мемлекет,
Асырап бəрін жатқан соң.
Қайтсын ол болмай көкпеңбек,
Мəпелеп қыздай баққан соң.
Ерке де болмай қайтсын ол,
Бəрінің көзі түскен соң, –
Табиғат бағу – мəні-сол,
Ойламай сендей түстен соң.
Деймін мен оған əзілдеп,
Босатпай ойдан ол басын.
Алғандай еске сəл жүдеп,
Өзінің сары дариясын.
Ағады Дунай аунап та,
Қарасын неге ол бізге.
Еркелеп жасыл жан-жаққа,
Ентелеп Қара теңізге




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу