Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  149


Автор: Ғафу Қайырбеков

ШƏКІРТ-АЗАМАТ

Нариманға
Қос құлағың қалқиған,
Сен жұқалтаң бала едің.
Жігіт бопсың шалқиған,
Уақыт, неткен дана едің!
Мен өзім де ол кезде,
Жетіспеген кісі едім.
Дəл осындай мол кезге,
Дегенім жоқ түсемін.
Бар көргенім ілгенім,
Ақыл деген түйіншек.
Мен білгенді біл – дедім,
Кіп-кішкентай інішек!
Шыққан жаңа соғыстан,
Ел жұпыны, жүдеу ед.
Қасірет, бақыт тоғысқан,
Өмір деген сүрлеу ед.
Əлі есімде ескі күн,
Талқан толы қос қалтаң.
Көз алдымда кескінің,
Қайыс етік, боз шапан.
Кім боларың белгісіз,
Талқан ауыз боқ мұрын.
Бала едің ғой сенгісіз,
Барлығың мен жоқтығың.
Бұл дəуірде шүкірлік,
Айту деген сол – білсек.
Барлық, байлық, бүтіндік –
Есен-аман сау жүрсек.
– Ғафу деген кім? – десе,
(Өкпелемен еш қашан), –
– О, жолдастар, ол менің
Ұстазым! – деп еске алсаң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу