Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  368


Автор: Ғафу Қайырбеков

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ

Жазды-дағы «Күйші» мен «Құлагерді»,
Ақын аты аспанға шыға келді.
Сол ақ боз ат бір күні бұлт үстінде,
Найзағайға сүрініп, құлап өлді.
Жерге түскен белгі жоқ, таба алмадық,
Қанша іздедік, жар салып, хабарладық.
Жел сыбырлап деген соң «Түк көрмедім» –
Қоя салдық сонымен соған нанып.
Көп жыл өтті, оқиға сөнді солай,
Бұлдыр қағып сағымдай сан күн, сан ай.
Ол күндегі сəбидің өзі қазір,
Мəжілістің ағасы – бурыл самай.
Шығармай ма жұрт кейін сыбыстарын,
(Жарамайды қабылдау дұрыс бəрін)!
«Ер-тоқымы біреуден шығыпты, – деп, –
Біреу тағып келіпті құйысқанын».
Көп жыл өтті, ол сөз де ұшты желге,
Керек болған кезінде күштілерге.
Əміршідей адамды билейді өмір,
Аунақшытып асты мен үстімен де.
Əлсін-əлсін тазарып тұрар уақыт,
Адамды да тазартып бір аунатып.
Сол мезетте жақсылар шығар жайнап,
Өлседағы тірідей табар бақыт.
Сол ақ боз ат жалынан самал есіп,
Əбзелдері түп-түгел аман десіп.
Күмбір-күмбір кісіней тапты үйірін,
Даңғыр-дұңғыр дарбаза, ашылды есік.
Бүркіт тұмсық, қыран көз, сұңқар қабақ,
Үсті-басы жайнаған сусар, жанат.
Шешіп тастап бəрін де, отыр ақын,
Отыр ағаң, сағынып саған қарап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу