Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  134


Автор: Ғафу Қайырбеков

АҚ ЖЕЛКЕНДІ БІР КЕМЕ

Үстінде жүзіп ақ желкенді бір кеме,
Толқын атып мұхит жатыр іргеде.
Жөнелді əне желкендерін көтеріп,
Сабыр самал, сен тұра тұр, үрлеме!
Мен қалмайын, мен де бірге аттанам,
Жолаушыда болмақ тосын бақ, талан.
Алыс, алыс көкжиекке ала кет,
Арманымдай əлі бала шақ маған.
– Біздің класс бəрі тегіс мінді ме?
– Біздің курс каютаға кірді ме?
Оқушы күн, студент күн қат-қабат,
Араласып қиялымда жүр міне!..
– Уа, капитан! Қайда біздің капитан!
Теңіз тыныш! Əлдеқашан атты таң!
Матростар, ал тартыңдар арқанды! –
Деген шудан оянамын мен аң-таң!
Ал содан соң шапшаң-шапшаң киінем,
– Капитан неге шықпай жатыр үйінен! –
Деп тағы да күжілдейді бір дауыс, –
Атып тұрып, кеме жаққа жүгірем!
– Мен мындамын!
– Əне, келе жатыр! – деп,
– Жас капитан, дос капитан – ақын,– деп,
Ұрандасып қарсылайды матростар,
Жаңғырады теңіз-аспан жалтыр көк.
Сапар желі жөнеледі ал тулап!
Ақ желкендер қанаттары сартылдап.
Керіледі кеулеп самал қолтығын,
Мачталарда күн сəулесі жарқылдап.
Жөнелеміз жас толқынды туралап,
«Қайран жастық, қайдасың!» – деп «уралап».
Біздің класс үзілісте шуламақ,
Біздің курс – оң бағытпен зуламақ!
Біз шыққан порт – Алтынсарин мектебі,
Ең алғашқы білім-кеме мекені.
Қараңғылық теңізінде сол кеме,
Тұңғыш рет жалтылдаған желкені!
Біз барар порт – жетер жолдың нақ басы,
Алтынсарин институтының қақпасы, –
Бас, капитан! Тарт, боцман, алысқа!
Қисаймасын кеме күмбез – мачтасы!..
Дəл осылай күнде сапар шегем мен,
О, институт! Сыйға тартқан кемеңмен.
Өмір-теңіз, қиял-теңіз – жан-жағым,
Жүзіп келем, жақсы жүзіп келем мен.
Алтын-ұям, ақ топырақ – мекенім,
Білдірдің сен туған жердің не екенін.
Сенің көңіл айдыныңда, арман жоқ,
Ұзақ-ұзақ жалтылдаса желкенім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу