Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  121


Автор: Ғафу Қайырбеков

МЫЛҚАУ АЖАЛ ҚАЙРАН ТƏНДІ МҰЗДАТСА

1
Мылқау ажал қайран тəнді мұздатса,
Дүние төсек, астында оның мұз жатса,
Еркін рух, өлмес жаның қайда ұшып,
Жетер еді жер өзінен ұзатса?
Кетер ме еді жұлдыздарға асығып,
Əлде мына көк аспанға асылып,
Өзі көріп, өзгелерге көрінбей,
Кең дүниені тұрар ма еді қаусырып?
2
Мəңгі жасап, мəңгі өлмейтін болғасын,
Көк пен жердің құбылысын болжар шын.
Оған аян өткен істің елесі,
Ол оятар есте күңгірт не қалсын.
Ол жібермес, өткен дəурен ізімен
Болашақты жалғастырар өзімен.
Оған оңай ескі, жаңа – бір қосып
Алар ұстап ойдың өткір кезімен.
3
Құдірет күш осы əлемді жаратпақ
Болған кезде, жерге түсіп, көк аттап,
Жаратқан да, жасаған да – сол күні
Қалған жерде, көкке кетпей тұрақтап.
Сол кезді де шолар рух жанары,
Көз салады болашаққа ол əрі.
Күн де сөнер, күн жалыны сарқылар,
Бірақ рух мəңгі өзгермей қалады.
4
Тастап тəнді, тар кеудеден босанып,
Пəндешілік əуресінен бой салып, –
Сүю, жаулық, үміт, үрей дегеннен
Болып ада, биік ұшып соншалық,
Ол самғайды еш бөгетті білместен.
Өлу деген шығады да мүлде естен,
Жүреді рух тек биікте қалықтап,
Мəңгілікпен мəңгі болып күн кешкен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу