Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  207


Автор: Марфуға Айтқожина

Күндер өтiп жатса да

Күндер өтiп жатса да
Жаңалап ай,
Жүрiппiн өзiмдi өзiм дараламай.
Жүрiппiн ешкiмге де көпшiк қоймай,
Жүрiппiн ешкiмге де ағаламай!..
Жүрiппiн көлгiрсiмей,
Жағынбай да,
Қарамаппын сор қайда,
Бағым қайда?!.
Өмiрiң өткен сайын дауылдатып,
Бұл адам жылылықты сағынбай ма!..
Қалар ма, дүние-жалған, қаз-қалпында,
Қолым жетпей өтер ме,
Созған шыңға.
Табиғат та тозғандай көрiнедi,
Құстар сайрап жатпаса өз даусында.
Кетсе де ұзап, қайрылмас бала шағым,
Бұлтсыз боп көрiнсе де болашағым –
Талайыңнан жүрсем де
Биiк болып,
Туған елдiң алдында аласамын!
Желпiп өткен желiндей қарашаның,
Қалтыратып жанымды –
Жанаса мұң,
Демесем де көз жазып адасамын,
Биiгiме мен де жанталасамын.
Алып берер дейтiндей өшiмдi кiм,
Ешкiмге де жоқ менiң кесiрлiгiм.
Көп нəрсенiң мəнiсiн
Кеш ұғындым,
Кiндiк кескен жерiм-ау,
Кешiр, бүгiн!..
Қызық көрдiң, бiлмеймiн, қанша менен,
Бақ-жұлдызым өзiңнен жанса деп ем.
Шыбын жаным шырқырап,
Саған ұшар,
Басқа жерде –
Бақытсыз,
Қалса денем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу