Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  71


Автор: Марфуға Айтқожина

ОЙЛАДЫМ

Тағармын ба, жансерiк, өлеңге айып,
Тамырын қарағайдай,
Терең жайып –
Халқымның өнер дейтiн қазынасын,
Игерген сайын iштей,
Келем байып!..
Аяздай қабырғама жатқан батып,
Өтiптi отыз жылдан астам уақыт...
Жүрсем де қаражаяу, қара жерде,
Атымды келедi өлең,
Аспандатып.
Көргендей биiк таулар самырсынын,
Есiме сан оралар,
Тəңiр шыңым.
Еркiне бағынбасқа бар ма шара,
Осынау уақыт дейтiн əмiршiнiң.
Кiм бiлген туған жердiң мұндай мəнiн,
өзiңдi түнде ойладым,
Күнде ойладым.
Сарғайған сағыныштың азабы ма,
Тұстасымнан ертерек ұлғайғаным?!
Өзiңдi күнде ойладым, түнде ойладым,
Ойлаған сайын толқыр,
Тынбай жаным.
Қосайын толқынымды толқыныңа,
Кеудеңнен шыққан мен де жыр қайнарың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу