Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  81


Автор: Марфуға Айтқожина

Кеткендей бiр керемет тасқын жүрiп...

Кеткендей бiр керемет тасқын жүрiп,
Қойдың-ау, арманымды асқындырып.
Көңiлдi шуағыңа жаяйын мен,
Ызғары, қытымыр қыс,
Жатсын жiбiп...
Көктемнiң буырқаған селiндей бiр,
Көңiлден келедi əлi,
Төгiлмей жыр...
Кешегi ұшып кеткен қарлығаштар,
Көзiме бүгiн неге,
Көрiнбей жүр?!.
Қайдасың, адал құсым, қарлығашым,
Тағдырың, менi ойларға қалдыратын.
Есiме қайта-қайта алдырасың,
Жүректi шоқтай қарып жандырасың,
Қайдасың, адал құсым,
Қарлығашым!..
Арманымыз ақ таңмен таласа атқан,
Сенiмен қатар өстiк бала шақтан.
Жаңғырып жатқандайын сезiнушi ем,
Үнiңнен, перiштем-ау,
Дала-шатқал!..
Безiнiп қастандықтан, дүлей, тылсым,
Қыстаудың шатырына түнейтiнсiң!..
Қыстау да,
Туған жер де, қиыр қалып,
Болар деп кiм ойлапты,
Жүдейтiн күн?!.
Ұяңды жүрген кезде үйге салып,
Табатын жаным тыншу, күйге қанып.
Сол күндер көктем сайын оралардай,
Жанарым жүрген жай бар,
Күнде талып...
Оралар, ойға бəрi тарыққанда,
Қиялдың шегi жоқ қой,
Шарықтауда...
Ағаш үй қыстаудағы,
Қарлығаш жоқ,
Орынын сипап қайттым,
Барып сонда...
Кеткендей керемет бiр тасқын жүрiп,
Қойдың-ау!
Арманымды асқындырып.
Көңiлдi шуағыңа жайдым, мiне,
Ызғары, қытымыр қыс,
Жатсын жiбiп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу