Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  85


Автор: Марфуға Айтқожина

«Көбi кетiп, өмiрдiң азы қалды...»

«Көбi кетiп, өмiрдiң азы қалды...»
Болмайды екен адамның жазы мəңгi.
Жиып-терiп осынау тiршiлiкте,
Халқыма арнадым Жыр – қазынамды.
Жылу алды жүрегiм жарық күннен,
Жарық күндей жырларды анық сүйгем!
Қарапайым осынау халқым үшiн,
Ойда, бойда барымды сарықтым мен.
Сүзiп iшкен жан едiм, тұнықтан көп,
Ұмытпаймын түгiңдi,
Ұмытқам жоқ...
Самалы есiп
Сайрамның желпiндiрген,
Жүрушi едiм мен ақша бұлттай боп!..
Бүгiн тағы түнедiм шың басына,
Биiк шыңдар,
Жанымның сырласы ма?!
Қанша биiк болса да ұлы таулар,
Жақын ба екен олар да мұңға, сiрə?!.
Неге мұнша қамықты, көңiл неден,
Ақтарылды, толқыды,
Төгiлдi өлең!..
Күрес пе едi, «итжығыс» мынау өмiр,
Күндерiме ризамын, жеңiлмеген!..
«Көбi кетiп өмiрдiң, азы қалды!..
Болмайды екен, адамның жазы мəңгi.
Жиып-терген осынау тiршiлiкте,
Халқыма арнадым
Жыр – қазынамды!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу