Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  98


Автор: Марфуға Айтқожина

Мен өзiңе сенбесем, сенем кiмге...

Мен өзiңе сенбесем, сенем кiмге,
Тамыры сенiмдердiң терең мүлде.
Сенбесем мен өзiңе, ертеңiме,
Айналар, қансыз, жансыз денем күлге...
Жатады қасiретiмдi жасырып түн,
Шығады қасиетiмдi асырып күн.
Адамдар, саған сенiп ақтарылам,
Сырымды сен ұқпаған
Ғасыр ұқсын!
Жанымды қалтыратар шуақсыз күн,
Сүреңсiз əндерден де құлақ тұнды.
Түңiлдiм жандардан да көп жалтарғыш,
Кететiн төңкерiлiп
Сынап сынды...
Қайтер ең, сонша менi алдамасаң,
Көңiл қалды бəрiнен əлдеқашан...
Жұртына тастап өлең кетер ме едi,
Жанымды жалшыдай ғып жалдамасам!..
Мен өзiңе сенбесем, сенем кiмге,
Сенiмдердiң тамыры терең мүлде.
Тiрлiктiң бағыбаны сияқтымын,
Су сеуiп, мəпелейтiн өнер – гүлге!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу