Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  62


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАНАРЫНАН ҚАРАУЫЛДЫҢ ЖЫР ҰШТЫ

Жалғастырып Батыспенен Шығысты,
Алады еркiн ақын бүгiн тынысты.
Айдын көлге оралғанда,
Жыр – Аққу,
Қарауылдың жанарынан жыр ұшты!
Уақыт зулап, айлар, жылдар ауысты,
Жетсем-ау деп, төзiмдi де тауысты.
Құрманғазы оркестрi дүбiрлеп,
Ұлы Абай,
Аруағымен қауышты!
Қасқабұлақ – туған жерi Абайдың,
Дүниеге сонша арайлы –
Тарайды үн!
Жусан иiсi бұрқыраған далаға,
Орнатылған құлпытасқа қараймын...
Тағзым етiп, ұлы жандар, басына,
Ағылды жыр, жұрт мерейiн асыра!
Қарлығаштар, қанат қағып төбемде,
Тебiрендi, Жидебайдың тасы да!
Жиналды жұрт, үлкен-кiшi, бар ауыл,
Күйлер кешiп бастарынан жаңа бiр...
Жас Абай мен Тоғжан ару, серуендеп,
Айлы түнде толқып тұрды,
Қарауыл!..
«Бiз ұлылар ұрпағымыз, ақынбыз,
Сеңгiр таулар, көк аспанға жақынбыз!
Жалғастырған –
Шығыс пенен Батысты,
Қадамыңа нұр жаусыншы,
Ақын қыз!..»
– Деп, үлкендер, айтып жатыр алғысын,
Тағдырынан көрген ел ғой, сан қысым...
Қас-қабағын бағып тұрған халқының,
Қарт Сеңгiр мен
Шыңғыс қалай, қалғысын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу