Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  172


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАЙРАН БІЗДІҢ ҚАРТТАР-АЙ, ТАУ ТҰЛҒАЛЫ

Сеніміне, сертіне берік шеттен,
Біздей емес қиялға еріп кеткен.
Қайран біздің,
Қарттар-ай,
Тау тұлғалы,
Ауылымды солар ғой, көрікті еткен!
Əзілі де өзара жарасымды,
Жомарттығы кең байтақ дала сынды.
Қайран біздің,
Қарттар-ай,
Қыран тектес,
Бөліп ішкен бір жұтым қара суды!..
Іздері өшпес көрген азабының,
Тегін бе еді, ауғаны назарымның.
Қарағайдай қайыспас,
Қарттарым-ай!
Шежіресі емес пе,
Қазағымның?!.
Болмысымен танытып тектілігін,
Ізгіліктің санаға екті гүлін.
Қабырғама батады,
Қарттарым-ай!
Қатарларың сирексіп кетті бүгін...
Дүние жалған, ұршықтай шыр айналған,
Жанарыңнан кеудеме құлайды арман!
Ұрпағың бар, ізіңді жалғастырар,
Кəрілікті мойындап,
Мұңаймаңдар!..
Көрген барлық азапты, ақтабанмен,
Сəйгүліктей даласын баптаған кең!
Көзі тірі халқымның тарихы деп,
Өздеріңмен,
Қарттарым, мақтанам мен!
Біздей емес қиялға еріп кеткен,
Сеніміне, сертіне берік шеттен.
Қайран біздің, қарттар-ай,
Тау тұлғалы,
Ауылымды солар ғой, көрікті еткен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу