Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  69


Автор: Марфуға Айтқожина

АЛМАТЫҒА ƏНДЕТІП КҮЛМƏН КЕЛДІ

Біздер аңсап жүргенде туған жерді,
Алматыға əндетіп Күлмəн келді!
Əнші аруға отырмын өлең арнап,
Болсыншы деп,
Бұл да бір жылдан белгі.
Біздер аңсап жүргенде туған жерді,
Алматыға əндетіп Күлмəн келді!
Əнші арудың үніне шын елтіген,
Бұлбұл біткен сайрайды,
Бұл маңда еңді!..
Қазақ дейтін қашан да əнші халық,
Əн салғанда,
Таңдайдан шаң шығарып –
Сұлу үнге сұқтанып дəл сол кеште,
Тағзым етіп тұрғандай, сансыз алып...
Туған елдің көзіндей, Күлмəн десе,
Жанарыма ыстық жас,
Тұнған неше...
Ұлттық сарай төрінде əн шырқатып,
Биіктерден биіктеп,
Тұрған кеше!..
Көгілдір көл,
Көгілдір шыңдай болып,
Көз арбаған бар ма екен,
Бұндай көрік?!.
Көз алдымда көгілдір Əлем тұрды,
Жазылмаған бір сұлу
Жырдай болып!..
Көз алдыма көгілдір келді көктем,
Ақша бұлтты алыстан желбіреткен!
Көксаланың көгілдір гүліндей бір,
Көзге оттай басылдың,
Мөлдіреп сен!..
Біздер аңсап жүргенде туған жерді,
Алматыға əндетіп Күлмəн келді!
Əнші аруға отырмын өлең арнап,
Болсыншы деп,
Бұл да бір жылдан белгі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу