Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  53


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАЛАМАЙМЫН ЕШКІМНІҢ ЖЫЛАҒАНЫН...

Мөлдіретіп, жасыл бақ, күміс шықты,
Алатаудан күнім де
Күліп шықты!
Жалпақ əлем еліне тілеймін мен,
Осынау тамылжыған тыныштықты!..
Кедергіге тап болып қандай дағы,
Ресейдің отыр бүгін жанбай бағы...
Қаншама ата-аналар
Аза тұтты,
Айырылып жалғызынан маңдайдағы...
Тербеген талбесікте əн-күйменен,
Беу, аналар!
Бөбегін əлдилеген.
Ей, адамдар!
Баланың жазығы не,
Қас-қағымда жаңылып қалдың неден?!.
Аналардың түсінем қайғы-зарын,
Менің дағы мұңайып қалды жаным!..
Қандай ғана жауыздың қолы барды,
Ойрандауға біреудің сəнді бағын?!.
Соғыс дейтін үрейлі, жаңғырады үн!..
Бір кездері Ресей еңселі еді,
Еңселі болудың бар сан себебі...
Бүгінгі қанды қырғын,
Қасіреттен,
Адам тұрғай,
Орман да теңселді!..
Ақынмын, тебіренбей қала алмадым,
Отан үшін, ел үшін бар арманым!
Бала дейтін халықтың болашағы,
Айналама қарайлап алаңдадым!
Ұнататын бала үндес, бұлақ əнін.
Анамын, қалуға үнсіз шыдамадым,
Қазақ елі – Ер халық,
Адал халық,
Қаламаймын,
Ешкімнің жылағанын!
Соғыс десе, жан дүнием түршігеді,
Соғыс десе,
Жүрегім күрсінеді...
Жауыздықтан Аналар жыламасын,
Ақынның –
Бүкіл елмен бір тілегі!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу