Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  374


Автор: Марфуға Айтқожина

ПЕКИНДЕГІ ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІГІ

(Қуаныш Сұлтановқа)
Қашан да қазақ деген асыл халық,
Екенін асыл халық, жасырмалық.
Қазақтың елшілігі –
Пекиндегі,
Кетіпті кең даламдай, жасылданып!
Кетіпті кең даламдай жасылданып,
Нұрлы əлем,
Алдымыздан ашылды анық.
Есті ұлы, батыр елдің отыр мұнда,
Басқаға, бұрынғыдай,
Бас ұрмалық!..
Қат-қабат қалың тұсы ел сырының,
Бұл жерде естілмейді, сенсіз үнім...
Қобыланды батыр өзі күзетіп тұр,
Қазақтың Пекиндегі елшілігін.
Батырлар қасиеті артып мұнда,
Қазақтың кім екенін айтып тұр да!
Келгенде сапарменен
Елбасымыз,
Кетіпті өз қолымен тартып сыйға!
Айтулы Қиыр-Шығыс шетіндегі,
Қазақтың елшілігі Пекиндегі –
Əсерлі, сазды əуенге елтігендей,
Жапырақтар,
Бихайдың бетіндегі!..
Қазақтың тыңдағанда ару қызын,
Өбеді Шығыс желі,
Жалын жүзін.
Саусақтан Жəния қыз күй төккенде,
Ғасырдың еріткендей қалың мұзын...
Қарсы алып келген бізді түу алыстан,
Қаншама бауырлар жүр, құрақ ұшқан.
Əлде бұл сағыныш па, елге деген,
Теңселіп, толқып отыр,
Қуаныш жан!..
Көріп ем, талай кешті ғұмырымда,
Симастай, осынау сəт,
Шын ұғымға!..
Шығысқа,
Алатаудан ұшқан қыран,
Ел жайлы толғанады тұғырында!..
Ер жігіт, ел дегенде алаңдайды,
Ел жайын ойламаса, болар қайғы.
Кезінде Ұлы Абылай хан –
Елшілікке,
Пекинге аттандырған
Қабанбайды!..
Шертетін көне тарих, күйі қандай,
Көкейге қалың сырды құйып алмай.
Тынбаған елі үшін жорық кешпей,
Ғасырларғы төгілген жыры қандай!
Қазағым, сен осындай ел екенсің,
Біз емес,
Бізге басқа сиынардай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу