Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  85


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАСІРЕТКЕ АЙНАЛҒАН

Əттең, мына қолымның қысқалығы-ай,
Бұйығып отырар ма ем қыста бұлай?!
Ауылға иек асты
Атым жетпей,
Көзімнен сағыныш – бұлбұл,
Ұшқанын-ай!
Жылдар да құм секілді сырғып көшіп,
Ел қандай жатыр екен
Тірлік кешіп?...
Бетіне ақ қағаздың салады өрнек,
Мөлдір тамшы,
Жанардан сырғып кетіп...
Күдігі көңілдегі қалмай мүлдем,
Баласын ала ма еске,
Шалғай жүрген?!.
Сағыныштың жүрген соң сазын кешіп,
Жылдарға,
Жырларымды
Жалғаймын мен.
Тамаша табиғаты, жаны тұнық,
Жүр ме екен, сол жандардың сағы сынып?..
Көңілдің пернелерін шертіп қалсаң,
Шерлі күй,
Кететіндей ағытылып...
Шылбырын арғымақтар үзіп келіп,
Қайтатын, таң атқанша қызық көріп.
Арасын екі ауылдың жатыр енді,
Айналған қасіретке
Сызық бөліп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу