Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  108


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАР ЖАУҒАНДА

Сен маған хабарластың қар жауғанда,
Мəні бар қаншалықты аңғарғанға.
Үніңнен бойға жеткен бір жылылық,
Қайтадан бөлегендей,
Жанды арманға!..
Бөбектің бейне аппақ құндағындай,
Қалың қар –
Жаумаушы еді жылда мұндай.
Тағдырым мені тағы сынап отыр,
Шыңдалып келсем-дағы
Шыңдалудай!..
Жылатып, жұбататын өмір-ау, бұл,
Киіктің жетім лағы маңырап жүр...
Сен маған хабарлассаң,
Қар жауғанда,
Қайтадан күмбірледі,
Қоңырау – жыр!
Тұрғанда қоңырау – жыр, қоңыраулап,
Ағады өмір – өзен,
Омыраулап.
Кетер-ау, кетсе-дағы жат пиғыл жан,
Кетер ме менен жастық,
Өмір аулақ?!.
Сен маған хабарластың қар жауғанда,
Мəні бар қаншалықты аңғарғанға
Үніңнен бойға жеткен бір жылылық,
Қайтадан бөлегендей,
Жанды арманға!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу