Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  86


Автор: Марфуға Айтқожина

АЙНАЛАЙЫН

Айналайын,
Баураған бауырыңнан,
Баурайында айыққан ауру жан.
Туған ауыл тынысын,
Тіршілігін,
Тыңдадым күнде соққан дауылыңнан!
Айналайын,
Мейрімді жүрегіңнен,
Мейіріңнен нəр алып жүремін мен.
Жүрегіңнің лүпілін үзбей тыңдау –
Адам үшін бақыт қой, біле білген.
Анаға тəн аңғарғыш бала сырын,
Сол сырға қанық жаның, қарашығың.
Шын мейірің жүретін аңсаттырып,
Сол аңсау ғой, өзгермей қалатұғын.
Жалғыз сөзің жанымды тынықтырар,
Бір өзіңдей жан күйін – кім ұқтырар.
Күнің дағы ерекше,
Күліп шығар,
Көлдерің де
Көлдерден тұнық шығар?!.
Құстардың қанаттары-ай, зуылдаған,
Еш пенде, армансыз боп туылмаған.
Өмір беріп келеді сол жылылық –
Алақанның табы тұр, суынбаған...
Мөлдіретсе таңдағы дала шығын,
Сөзсіз, сенің мені еске алатының.
Суынбайды,
Сол бір тап алақаннан,
Жұмылғанша көзімнің қарашығы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу