Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  83


Автор: Марфуға Айтқожина

ТОЛҒАЙДЫ АДАМ

Кедергі көп болса да қол байлаған,
Заманын тебірене толғайды адам.
Қосып өз үлесімді бір кісідей,
Саналы өмір кештім,
Болмай надан.
Тоқтатпай толғанысын таңдар бойғы,
Ел жайлы,
Ел адамы жалғайды ойды.
Ел Тəуелсіз болғанмен,
Мен тəуелді,
Соңымнан кесір-қырсық қалмай қойды
Алаулы жүрегімді таңдар ұғып,
Жұртыма келеді ойым аңғарылып.
Ешкімге жағынбадым,
Жалбарынып,
Жеткізер дегеніме,
Заңғар – үміт!
Адалдық анасүтпен сіңіп бойға,
Келеді ұялатып тұнықты ойға.
Жатқанда тұнығымнан
Жұрт сусындап,
Қызғаныш, дарымайды,
Күйік бойға!
Шалдықпай жетсем дағы
Шалғай қырдан,
Кездер де аз болған жоқ,
Маңдайға ұрған...
Жатпайтын өреліге, жат мінездер,
Қалдырып қаншама ойға, тандандырған.
Қастандық боларына нанбай жаным,
Құстардың қанатымен самғайды əнім!
Табаны туған жерден аумағандар,
Мендегі түсінер ме,
Арман мəнін?!.
Қуат боп құлазысам, құла далам,
Теңселіп қарағайдай,
Құламағам!
Шалғайдан көру үшін туған жерін,
Биіктен де биік боп тұрады адам.
Келгенбіз шектеліп те,
Шет жүріп те,
Адамды дегеніне жеткізіп пе?!.
Тасымасаң,
Себебі жасымаудың,
Жалғасып жатқан жоқ па, тектілікке!
Кедергі көп болса да қол байлаған,
Заманын тебірене толғайды адам.
Қосып өз үлесімді бір кісідей,
Өмір кештім саналы,
Болмай надан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу