Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  79


Автор: Марфуға Айтқожина

ТАУ ҚЫЗЫ

Тау биік болса, сондай болар таулар,
Сол таудан себелейді,
Сонар таңдар!
Тау жайлы ақын жырын жеткізіңдер,
Ақша бұлт!
Тауларыма оралсаңдар!..
Мен саған келе алмаспын жылда-жылда,
Асырсын құштарлығын шың да жырға!
Тау жайлы толғанысын,
Тау қызының,
Тыңдасын тебірене,
Шың да, құм да!
Тұратын көк аспанның сүйіп төсін,
Мерейің, тауларымдай биіктесін!
Шүпірлеп көлге оралған құстарым да,
Шошынып өз көлінен, үрікпесін...
Аналар, бөленбесін күйік-шерге,
Жалғасын ерлік жолын – жігіттер де!
Қызыға қалсын қарап, жарық əлем,
Тəуелсіз Қазақстан!
Сүйікті елге!..
Тəуелсіз Қазақстан!
Сүйікті елге,
Тербелген тыныштықпен тұнық көл де!
Кең байтақ жерін қорғап, елін қорғап,
Қырандар,
Қалықтасын биіктерде!
Аз емес, қолым жеткен табысым да,
Арыстарым!
Елімен қауышуда...
Қазақтың алғашқы ұшқан ғарышкері,
Тоқтар!
Талғат, самғауда, ғарышымда!
Жете ме, жетпей ме əлде,
Қысқа ғұмыр,
Жалғасты əуелеген, құсқа да үнім!
Тəкаппар таудың қызы,
Тауларыңдай,
Ойыңды сен де биік ұста бүгін!
Арқалап ауырсынбай, нардың жүгін,
Білемін, батылдыққа – бардың бүгін.
Оранып жатсын енді əрбір сөзің,
Арайлап атқан осынау таңның нұрын!
Он жасқа жеткен – батыр елің үшін,
Нөсердей жаудырарсың, жанның жырын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу