Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  74


Автор: Марфуға Айтқожина

БОЗДАП БОРАН...

(Аралда болғанда)
Жайқалар ма кешегі көл құрағы,
Жанар кетіп, Аралдың сөнді ме əні?..
Сұлулығын –
Сырғыған жылдар жұтып,
Суалды Арал,
Құм дауыл көмді-дағы...
Бұл да адамның қатыгез, қаталдығы,
Қаталдықтан –
Тіршілік батар күні.
Шың басына шүйілген қара бұлттай,
Аралымның арылмай,
Жатар мұңы.
Арудайын көз жұмған арманменен,
Айдын кетіп,
Қурады орманды-өрең.
Арал десе,
Аңырап отыр елің,
Арал десем,
Тым зарлы арналды өлең!
Айта алмаған көп өткен ғасырға өкпең,
Жеткізе алмай зарыңды,
Жасың кепкен.
Жүрегім қалай шыдар, тебіренбей,
Басыңда боран боздап,
Тасыңды өпкен!
Боран боздап басыңда, тасыңды өпкен,
Көзден ғайып кешегі –
Жасыл көктем.
Арал сынды айдынды жұтып алып,
Орнында құм – айдаһар жатыр көптен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу