Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  86


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАҢА КӨШЕ, ЕСКЕРТКІШ

Жалындаған шоқ шашып –
Жанары анық,
Жатқан шақта дүние жаңаланып,
Алматыға қосылды
Жаңа көше,
Жаңа ғасыр есінде қалары анық!
Алматы, аппақ қарға қымтанып қыр,
Жандарға аңғартқандай мұншалық сыр.
Келе жатқан Ғасырдың –
Келбетіндей,
Алатаудың шоқтығын күн шалып тұр.
Жасыл киім жамылып шырша біткен,
Ақындарша толғанып, тұр шабытпен.
Барша ұлтты қаусырған құшағына,
Қазағымның пейілі соншалық кең!
Жаңалықпен жаңғыртқан əр аптаны,
Татулықтың біздегі ғажап мəні.
Жұрттан бөлек толқып тұр
Ортамызда,
Ұлы қытай елшісі қазақтағы.
Ғұмырының қарамай аз-көбіне,
Жүрегін төсеп өткен –
Саз легіне.
Қазақтың əнін, жанын, жерін сүйген,
Ескерткіш қойдың қытай,
Сазгеріне!..
Сүйіпті өз жеріндей табиғатын,
Жырламауға болар ма,
Жаныңды асыл?!.
Амангелді батырға поэма арнап,
Өнердің биігінен табылғасың!
Саялаған –
Самырсын, теректерді,
Салтанаты көшенің бөлек белгі!
Достыққа деген құрмет,
Зор ықылас,
Сазгерді еске алатын кезек келді!
Бұл-дағы бір жаңалық, тосын келген,
Рухың бүгін –
Сен сүйген қосылды елмен.
Алматының төрінде –
Тұрсың, міне,
Мəрттік қой,
Көрсін деген досымды өрден!
Толқымасқа шараң жоқ елді көріп,
Ел жайында көп сырлар,
Келді өріп...
Ескерткішің бойлады көк аспанға,
Достығыма мызғымас,
Белгі болып!..
Қазағымды келгенде пана көріп,
Өміріңе беріпті екен дала көрік.
Өз еліңді ұмытпай көз жұмсаң да,
Қазаққа кетіпсің шын
Бала болып!
Көк шыршалар көшенің бойындағы,
Қарашы,
Күй-сазыңдай барады өріп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу