Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  89


Автор: Марфуға Айтқожина

АРЫСТАРЫМ

Бұл кезде жатқаны рас, той көбейіп,
Тойлардан өрістейді,
Ой кеңейіп!
Тойлары тойланбаған тұлғаларға
Ағайын, төрге шықсын,
Жол берейік!..
Болатын көлдей аққан жасқа бөгет,
Берілер аруақтарға ас та керек!
Сейіліп қара бұлттан еңсені езген,
Шайдай боп ашылып тұр, аспан ерек!
Өріліп тал-қайыңдар, шың-құздарға,
Толассыз, күміс толқын сыңғырлауда.
Көгімде жарқырайды, қайта жанып,
Мезгілсіз сөніп кеткен,
Жұлдыздар да!..
Кенеттен ашылғандай үніміз де,
Сыңғырлы наз күлкіңді,
Түнім, үзбе!
Жандарға жарқ нұрын тұрған төгіп,
Шуақтайық,
Мерейлі күнімізге!
Əлде біз ұсақпыз ба, іріміз бе,
Аруақтар!
Кейімесін тірі бізге...
Көп қарадың жаутаңдап,
Қарадық қой,
Мейірі бар жандарға, жылы жүзге...
Əйтеуір күн демесін, түн демесін,
Іштей аңсап отырар күнде елесін –
Арыстарым
Араға қайта оралды,
Қайта оралды,
Ешкім де күндемесін!
Не жетсін қуанышына ағайынның,
Ағайынға, қалайша, тағайын мін?!.
Көтеріңкі көңілдің көгінде бір,
Құс болып қанатымды қағайын мың!
Білмеймін жол жатқанын қанша алдымда,
Қанша айтып, арманымды таусармын ба.
Берейін енді кезек кəусар жырға,
Кім көрер,
Көз жасымды,
Жаусам құмға?!.
Қайғы азайып, жатқанда той көбейіп,
Тойлардан өрістесін,
Ой кеңейіп!
Тойлары тойланбаған Арыстарға,
Ақтаңдақ, Ерлеріне,
Жол берейік!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу