Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  85


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАЗЫЛДЫ ӨЛЕҢ...

Жауап емес құрбыма əзілдеген,
Бітірген дəнеңем жоқ əзірге мен.
Шыңы мен шыны аралас,
Мұңы аралас,
Шамамның келгенінше,
Жазылды өлең!..
Жазылды өлең, тыя алмай өксік үнін,
Көз алдымда ырғалып көк шыбығың.
Жазылды өлең,
Жаралы жас ғұмырым,
Жаза алмай жан жарасын өтті күнім…
Жазылды өлең, таңырқап биіктерге,
Жазылды өлең,
Малтығып күйік-шерге...
Жазылды өлең,
Арналып Атажұртқа,
Жазылды өлең, армандай сүйікті елге!
Жазылды өлең, жаңбырлы көктем жайлы,
Көкіректі жаншыған неткен қайғы?!.
Жазылмады бірақ та,
Жаза алмадым,
Мені құшқан махаббат шеттеу қалды...
Жазылды өлең,
Жар жайлы, бала жайлы,
Маған адал құшағын дала жайды.
«Көшіп келген кешегі оралман» деп,
Өткенімен қырық жыл, алалайды...
Жазылды өлең, елдің көз жасын жазды,
Жазылды өлең,
Аңсатып асыл назды...
Ерте кеткен көктемді аңсадым мен,
Отырғанда жамылып,
Жасыл жазды...
Араласып кеткенде үміт-қайғы,
Жазылды өлең,
Аңсаған жігіт жайлы...
Көз алдымда тұратын қаз қалпында,
Шерлі жүрек, дəнеңе ұмытпайды.
Жазылды өлең, тербелді орман-далам,
Жазылды өлең,
Шалғайда қалғанда Анам!..
Жазылды өлең Құлжаның топырағын,
Көкірекке басуды армандаған.
Кезге келдік, бəрін де түйіндейтін,
Күйінбейтін жан бар ма,
Сүйінбейтін?!.
Тебіреніп бəріне өтеді ақын,
Жан болмаса,
Емендей иілмейтін.
Емен екеш, емен де теңселеді,
Сұмдық дауыл, өр басын еңсереді.
Тиген үлес еншіме осы ақындық,
Адалдық пен талантқа,
Ел сенеді!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу