Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  101


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАМБЫЛ – ҒАСЫР

I
Мақтанышы ұрпақтың мəңгі үйлесер,
Жамбыл – дауыл бұрқаған,
Жамбыл – нөсер!
Жамбылымды айтқанда жан сүйініп,
Алатаудың шыңынан əн-жыр көшер!
Жүрегіңді тулатып сезімдермен,
Табиғатың ерекше төзім берген.
Кезеңдерде сонау бір тым қатыгез,
Қайсарлықпен көрсеттің өзіңді өрден!
Жамбыл десем, тасынар көңіл арна,
Жетелепті халықтың сенімі алға.
Жырау да өзі,
Жыр да өзі,
Ғасыр да өзі,
Жамбылыма сай келер
Теңі бар ма?!
Қасірет бұлты тұрғанда торлап, төніп,
Өрлігін тұрды асырып айбат-көрік –
«Ленинградтық өрендер!» – деп жырладың,
Жауынгерге жырыңмен қайрат беріп.
Тебірентіп ну орман, өзен-көлін,
Жігерленді сөзіңнен өрендерің.
Ұлы Отан шайқасында,
Ұлы жырау,
Теңіздің де тебіренттің
Тереңдерін!..
Жайшылықта өлеңге ерік беріп,
Өзіңменен айналаң көріктеніп,
Қыран құс та төменге төніп-төніп,
Тау өзені тасыған көбіктеніп!
Дүбірлеткен тұлпардай ақын деп сен,
Қиыр жатқан елге де атың кеткен.
Өтсе-дағы өңгеріп бір ғасырды,
Жанарыңда жарқылдап жатыр көктем.
II
Қолына алмаса да күміс қалам,
Күні кем,
Көкейінен жыр ұшпаған.
Шығыстың шайырларын түгел біліп,
Аруағына бас иіп, пір ұстаған!..
Ұлылық ұяласа санасына,
Көзінің жыр тұныпты шарасына!
Қожа Ахмет Ясауи,
Абайды айтса,
Қырғыздың күй арнады, Манасына!..
Аспанға əуелетіп жыр-сұңқарын,
Ғасырға шалдыртпаған, жыр – тұлпарын!
Айшықты арманыңды биік ұстап,
Келеді елін бастап, Нұрсұлтаның!..
Жамбылым!
Жырлаудан бір жаңылмаған,
Қатыгез, «қара мұрт» та,
Табынды оған...
Қанша рет қасіретпен майдандасқан,
Қалайша, ұғынбасын жаныңды адам?!.
Мақтанышы ұрпақтың, мəңгі үйлесер,
Жамбыл – дауыл бұрқаған,
Жамбыл – нөсер!
Жамбылымды айтқанда дүбірлетіп,
Алатаудың шыңынан –
Əн-жыр көшер!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Bekaric
Bekaric 18.12.2023 12:03
Kyshti

Пікір жазу